Забур жырлары
Тарау 99 [98]
Жаратқан Иеміз патшалық құрады, Керубтер арасындағы «тағында» отырады. Халықтар Оны қастерлеп қалшылдасын, Жер де Тәңір Иеден қорқып шайқалсын!
2 Жаратушы Сионда салтанатпен тұрады, Оның даңқы бар халықтардан жоғары.
3 Уа, Ием, ұлы да айбарлы есіміңді Халықтар мадақтасын: ол киелі!
4 Құдіретті патша, ұнатасың әділдікті, Сен жер бетіне орнаттың әділетті. Жақыптың үрім-бұтағына шындықты Бекіттің, уа, Ием, және адалдықты.
5 Мақтау айтыңдар Иеміз — Құдайға: Ол киелі! «Табан тіренішінің» алдында Бас иіп ғибадат етіңдер Құдайға!
6 Оның діни қызметкерлерінің арасында Мұса мен Һарон болды ежелгі заманда. Атын атап Оған сиынғандар арасында Самуил пайғамбар да болды баяғыда, Жаратқан құлақ салды олар сиынғанда.
7 Бұлт бағанасынан Ол сөзін жолдады, Ережелер мен жарлығын жариялады, Ал халық соларды сақтап орындады.
8 Уа, Құдай Иеміз, оларға құлақ салдың Әрі кешірім беретін Құдайы болдың, Ал зұлым істерін жазалайтынсың.
9 Құдай Иемізді даңқтап дәріптеңдер, Қасиетті тауында Оған бас иіңдер, Құдай Иеміз киелі, соны біліңдер!