Тарау 3

(Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің өз ұлы Абессаломнан қашып жүрген кезіне арналған.)

Уа, Ием, жауларым сонша көбейді, Көп адам маған қарсы көтерілді.
2 Жұрт: «Құдай құтқармайды сол кісіні» Деп қатты күйзелтеді жан дүниемді.
3 Ал, Ием, алдымдағы қалқаным Сенсің, Даңққа бөлеп, беделімді көтересің.
4 Жаратқанға дауыстап жалынам, Ол жауап береді киелі тауынан.
5 Орныма жатып, ұйықтаймын бейқам, Содан оянып, тұрамын қайтадан, Себебі мені қорғайды Жаратқан.
6 Мен қорықпаймын өзіме жан-жақтан Қарсы шыққан мыңдаған жауларымнан.
7 Уа, Ием, көтеріліп қарсы тұрсаңшы, О, Құдайым, мені құтқарсаңшы! Сен жағынан ұрып күллі жауларымды, Күшінен айырасың сол зұлымдарды.
8 Уа, Жаратқан, Құтқарушымыз Сенсің, Батаңды төге гөр халқыңа Өзіңнің.