Забур жырлары
Тарау 57 [56]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Дәуіттің Саулдан қашып, таудағы үңгірді паналағанына арналған.)Мейірленіп, Құдай, рақым етші маған, Өйткені үмітімді артамын Саған, Пәле-жала өткенше бас сауғалайын, Қанатыңның аясын паналайын.
2 Сиынып тұрамын Алла Тағалаға, Маған игілік жасаушы Құдайға.
3 Ол көктен көмек жолдап аман сақтайды, Мені өкшелеп қудалағанды қорлайды. Иә, Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды.
4 Айналам толы жыртқыш арыстандай, Сол сұмдардың тілдері өткір қылыштай, Тістері де үшкір жебе мен найзадай.
5 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
6 Дұшпандарым маған арнап тор құрды, Сондықтан еңсем түсіп, көңілім қалды. Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды, Алайда сол орға өздері құлады.
7 Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді, Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді.
8 Жан дүнием, ояншы, сергек болайын, Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын, Ән-жырыммен атар таңды оятайын.
9 Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын, Ұлттар арасында мақтап жырлаймын.
10 Себебі берік рақымың заңғар аспандай, Әрі сенімділігің асқар бұлттардай.
11 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!