Забур жырлары
Тарау 112 [111]
Жаратқан Иені мадақтаңдар! Иеміздің өсиеттерінен ләззат тапқан, Оны қастерлейтін жан жарылқанған.
2 Әулеті оның елде күшті болады, Иә, әділдің ұрпақтары жарылқанады,
3 Оның үйінде байлық-дәулет жиналады, Әрі әділдігі мәңгі есте қалады.
4 Турашыл жанға түнекте таң атады, Ол рақымды, мейірбан, әділ болады,
5 Мұқтажға қайырыммен қарыз береді, Әрі істерін әділдікпен жүргізеді, Содан оның өзі де жақсылық көреді.
6 Шүбә жоқ, ол ешқашан шайқалмайды, Әділ жан жұрттың есінен шықпайды.
7 Сондай адам қауесеттен қорықпайды, Жаратқанға сеніп жүрегі қобалжымайды,
8 Қайта, жүрегі нық, үрейленбейді, Соңында жаулардың жеңілісін көреді.
9 Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, Оның әділдігі мәңгіге ұласады, Абыройы да жоғарылайтын болады.
10 Ал зұлым жан мұны көріп, абыржиды, Тісін қайрап, қалжырап қажиды, Зұлымдардың аңсағаны құриды.