Тарау 39 [38]

(Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Дәуіттің жыры.)

Өзіме былай дедім: «Мен сақ жүрейін, Тіліммен күнә жасаудан безейін, Әділетсіз жан қасымда тұрғанда Тіліме берік бұғау салайын да».
2 Осылай аузымды ашпай үндемедім, Тіпті жақсылық жайлы да сөйлемедім, Содан күшейе түсті қасіретім.
3 Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды, Тілімнен отты сөздер ағытылды:
4 Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын, Көрер күндерімнің бүкіл санын, Өмірімнің өткіншілігін ұғайын.
5 Бір қарыстан ұзақ емес өмірім, Қас қағым сәт — ғұмыр жасым Сен үшін. Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі!
6 Адамдар өмірден елестей өтеді, Мал-мүлік мол жинап бекер күйбеңдейді, Себебі соның кімге тиерін білмейді.
7 Ал қазір, уа, Ием, нені тосамын? Тек Өзіңе үмітімді артамын.
8 Заңсыз істерімнен мені арылта гөр, Зердесіздің қорлауынан сақтай гөр.
9 Мен ауызымды ашып, еш үндемеймін, Өйткені осыны жасаған Сен Өзіңсің.
10 Бұйырған азапты ала гөр менен, Қолыңның соққысынан әлсіредім мен.
11 Күнәсі үшін жазаласаң пендені, Күйе жеп қойғандай таусылар көрігі, Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі!
12 Мінажатыма, уа, Ием, құлақ түрші, Көмекке шақырған даусымды естіші, Менің көз жасымды елемей жүрмеші, Себебі барлық ата-бабама ұқсаймын, Жат жерлік кірме болып Өзіңмен тұрамын.
13 Маған қарап тұрмашы ашуменен, Қайтадан көңілді болайын мен, Ғайып болмас бұрын кетіп бұл өмірден.