Забур жырлары
Тарау 38 [37]
(Басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.)Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме, Ашуланып мені жазалай көрме.
2 Өзің атқан жебелерің денеме кірді, Қолың зілдей басты менің үстімді.
3 Қаһарыңнан денемде сау жерім жоқ, Күнәмнан жан-тәнімде тыныштық жоқ.
4 Істеген күнәларым басымнан асты, Ауыр жүктей денемді жерге жанышты.
5 Ақымақ істерімнің кесірінен Жараларым іріңдеп, иістенген,
6 Иіліп кеттім тұла бойым бүгіліп, Күні бойы жүремін қайғы шегіп.
7 Белім менің ісіп кетіп қабынған, Денемде сау жерім жоқ ауырмаған.
8 Әбден әлсіреп, шалдығып-шаршаймын, Жан азабынан қатты ыңқылдаймын.
9 Уа, Ием, Саған аян барлық қалауым, Құпия емес Саған ыңқылдауым,
10 Жүрегім аласұрып, құрыды қуатым, Көз жанарым суалып, қашты нұрым.
11 Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап, Жақын туыстарым да тұр алшақтап.
12 Жанымды алмақ жаулар тұзақ құрады, Дұшпандар ажалым туралы айтады, Күн сайын қастық жайлы ақылдасады.
13 Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын, Мылқау сияқты жағымды ашпаймын,
14 Осылай құлағы естімес адамдаймын, Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын.
15 Өйткені, Жаратқан Ие, Өзіңе сенем, Сен жауап бересің, уа, Құдай Ием.
16 Сонда мен былай деп ойлаған едім: Дұшпандарым мені табаламасын, Сүрініп құласам, олар паңданбасын.
17 Себебі жақын қалдым мен құлауға, Азабым әрдайым көз алдымда.
18 Әділетсіз ісімді мойындаймын, Жасаған күнәма қайғырудамын.
19 Ал көп жауларым сергек жүріп күшеюде, Себепсіз мені жек көретіндер көбеюде,
20 Жақсылығыма олар жамандық қайырады, Ізгі жолмен жүргеніме қарсы шығады.
21 Уа, Ием, мені жалғыз тастай көрме, О, Құдайым, менен алыстай көрме.
22 Асыға гөр маған көмек беруге, Құтқарушым менің, уа, Жаратқан Ие.