Забур жырлары
Тарау 42 [41]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.
2 Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қашан мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын?
3 Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: «Құдайың қайда?» деп сұрай береді.
4 Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.
5 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.
6 Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені.
7 Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да.
8 Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.
9 Маған жар болып келген Құдайдан: «Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін?» деп сұраймын.
10 Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: «Құдайың қайда сенің?» деп сұрайды.
11 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.