Забур жырлары
Тарау 97 [96]
Жаратқан Ие патшалық құрады, Қуанып шаттансын бүкіл жер шары, Көп аралдар әрі теңіз жағалары!
2 Бұлт пен түнек — айналасы Оның, Шындық пен әділдік — негізі тағының.
3 Жаратқанның алдында от жүреді, Айналдыра ол жауларын құртып өртейді.
4 Найзағайы әлемді жарқыратады, Жер беті соны көріп, шайқалады.
5 Бүкіл әлемнің Иесінің алдында, Жаратқан Иенің бет-жүзінің алдында, Балауыз іспетті ериді таулар сонда.
6 Аспан Оның әділдігін паш етеді, Күллі ұлттар ұлылығын көреді.
7 Жалған тәңірлерімен мақтанғандар Ұялсын, сол мүсіндерге табынғандар. Жаратқанға бас иіңдер, барлық пұттар!
8 Сион шаһары естіп, шаттанады, Яһуда қалалары да қуанады Сенің шешімдеріңе, о, Жаратушы!
9 Жоғарысың бүкіл әлемнен, уа, Жаратқан, Үстемсің барлық «тәңір, пір» атаулыдан.
10 Ей, Жаратқан Иені сүйетіндер, Зұлымдық атаулыны жек көріңдер! Өзіне бағышталғандарды Ол қорғайды, Зұлымдардың қолынан арашалайды.
11 Әділ адамдарға нұр төгіледі, Ақжүрек жандар шаттыққа кенеледі.
12 Әділдер, Жаратқанға шаттаныңдар, Қасиетті есімін мадақтаңдар!