Забур жырлары
Тарау 142 [141]
(Дәуіттің насихат жыры. Оның үңгірде жасырынған кезіне арналған мінажаты.)Жаратқан Иені дауыстап шақырдым, Қатты дауыспен Иеме жалындым.
2 Оның алдында тілегімді ақтардым, Қасіретімді Оған түгел аштым.
3 Рухым қажығанда Сен білесің жолымды, Ал маған байқатпай жауларым торлар құрды.
4 Көмек күтіп оң жағыма қараймын, Мені ойлаған ешкім жоқ деп байқаймын. Жер қалмады енді маған пана болар, Ешкімім жоқ жанымның қамын ойлар.
5 Саған былай деп дауыстап сиынамын: «Уа, Жаратқан Ие, Сен менің баспанамсың, Бұ дүниеде маған жар тек Өзіңсің.
6 Зар жылаған даусыма құлақ салшы, Өйткені мен әлсіредім тым қатты, Қуғындаған дұшпандардан құтқаршы, Менікінен тым басым күш-қуаттары.
7 Тас түнектен алып шықшы жанымды, Мадақтауым үшін Сенің атыңды. Әділдер сонда қасыма жиналады, Себебі Маған көрсеттің Сен рақымыңды».