Тарау 59 [58]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Саул патшаның Дәуітті өлтіру үшін оның үйін күзеттірген кезіне арналған.)

Уа, Құдайым, құтқара гөр жауларымнан, Мені сақтай гөр қарсыластарымнан,
2 Арашалашы әділетсіздерден, Аман сақташы қанішерлерден.
3 Уа, Жаратқан Ие, олар мені аңдуда, Маған қарсы мықтылар жиналуда. Ал не қылмысым, не күнәм болмай тұр,
4 Еш кінәм жоқ, бірақ олар асығып жүр, Маған қарсы аттануға дайын тұр. Мені қорғап-қолдауға орныңнан тұршы, Мүшкіл жағдайыма көз сала көрші.
5 Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Исраил халқының сиынатын Тәңірі, Енді көктегі тағыңнан көтерілші, Өзіңе бағынбайтын ұлттарға тап берші, Зұлым опасыздарға рақым көрсетпеші.
6 Дұшпандарым кешқұрым кері қайтады, Қаланы аралап иттерше ұлысады.
7 Ауыздарынан жамандық бұрқырайды, Тілдері семсердей жарақаттайды, Олар «Кім естір екен?» деп ойлайды.
8 Ал Сен, Жаратқан Ие, оларға күлесің, Барлық қыңыр ұлттарды келекелейсің.
9 Сен менің күш-қуатымның қайнарысың, Назарымды Өзіңе аударамын, Себебі, уа, Құдай, Сен қорғанымсың,
10 Маған мейірім танытатын Құдайымсың, О, Құдай, алдымнан жүріп күш бересің, Жауларымның жеңілісін көрсетесің.
11 Оларды құртпашы, халқым ұмытпасын, Күшпен таратшы, Өзіңе бой ұрсын, Уа, Иеміз, қалқандай Қорғаушымызсың!
12 Күнә — айтқандарының барлығы да, Ауыздарынан шыққан — қарғыс пен жала, Менмендіктерімен құласын тұзаққа!
13 Қаһарыңмен оларды құртып таста, Жоқ қыла гөр оларды біржолата, Сонда «Жақыпқа Құдай билік жүргізеді» Деп жер түкпіріндегілер де біледі.
14 Дұшпандарым кешқұрым кері қайтады, Қаланы аралап иттерше ұлысады,
15 Жейтін олжа іздеп айнала шарлайды, Егер тоймаса түнде ырылдайды.
16 Ал Сен пәлеге ұшырағанымда Маған болдың қорған және баспана, Сондықтан әнге салып құдіретіңді, Таңертеңнен паш етем мейіріміңді.
17 Сен менің күш-қуатымның қайнарысың, Өзіңе мадақтау жырымды арнаймын. Себебі, уа, Құдай, Сен қорғанымсың, Мейірімін төгетін Құдайымсың.