Забур жырлары
Тарау 110 [109]
(Дәуіттің жыры.)Жаратқан Ие менің иеме былай деп айтқан: «Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда».
2 Жаратқан Сионнан билігіңді құрғызады сенің, Енді жауларыңа да үстемдік жүргізесің,
3 Сен патшалық құрған күні бағынады халқың. Туғаннан-ақ киелі салтанат жамыласың, Күн сайын таң ата жаңаратын шық сияқты, Сен де ұдайы жасара түсетін боласың.
4 Жаратқан былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, Мәңгі сондай болып қала да бересің!»
5 Жаратқан Ие сенің оң жағыңда тұрады, Қаһарланған күні Ол патшаларды ұрады,
6 Халықтарды соттап, көп адамдарын жояды, Бүкіл жер бетінің билеушілерін соғады.
7 Патша жолшыбай бұлақтан сусындап алады, Еңсесін көтеріп, жеңімпаз болып шығады.