Забур жырлары
Тарау 65 [64]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.)Сионда Саған, Құдай, мақтау арналады, Өзіңе берілген анттар орындалады,
2 Мінажаттар құлағыңа жетеді, Барлық адамдар алдыңа келеді.
3 Теріс істеріміз жаншып тұр бізді. Ал Сен кешіресің күнәларымызды.
4 Қандай бақытты — Өзің таңдағандар, Қасыңда, аулаларыңда тұрады олар, Сонда кенелеміз үйіңнің жақсылығына, Киелі ғибадатханаңның рақатына.
5 Құдай, құлақ саласың әділдікпен, Бізді құтқарасың керемет істермен. Саған үміт артады жер шетіндегілер Және алыс теңіздегі кемешілер.
6 Сен құдіретіңмен тауларды орнаттың, Күш-қуатқа бөленіп, беліңді будың.
7 Теңіз толқынының гүрілін тыншыттың, Халықтардың шуылын тыныштандырдың.
8 Кереметтеріңе таңғалар алыс елдер, Шығыс пен батысқа айтқызасың әндер.
9 Сен жерді баптап суарып, құнартасың, Уа, Құдай, халықты нанға тойдыру үшін Өзендеріңді суға толтырасың, Жерді Өзің солай дайындайсың.
10 Соқаның іздерін суға қандырасың, Топырақ кесектерін тегіс қыласың, Құйылған нөсермен оларды жұмсартасың, Өсіп шыққан өнімдерін жарылқайсың.
11 Солай жылды игілікке бөлейсің, Қайда жүрсең де молшылық бересің,
12 Иен даланың жайылымдары суланған, Қыраттар құлпырып қуаныш жамылған,
13 Жайылым қора-қора малға толып, Алқаптар егінменен жайқалып, Бәрі қуана айқайлайды ән салып.