Забур жырлары
Тарау 146 [145]
Жаратқан Иені мадақтаңдар әрдайым! Мен жан-тәніммен Иемді мадақтаймын,
2 Тірі жүргенімде Жаратқанды даңқтаймын, Өмір бақи Құдайыма ән-жырымды арнаймын.
3 Әміршілерге үміттеріңді артпаңдар, Өткінші пендені сүйеніш қылмаңдар, Пәледен құтқара алмайды олар:
4 Демі бітіп, жерге қайта оралады, Сол күні-ақ ой-ниеті ада болады.
5 Жақып сиынған Құдай жар болған Және Құдай Иесіне үміт артқан Қандай бақытты болады әрбір жан!
6 Көк пен жерді, теңізді әрі олардағы Бардың бәрін де Иеміз жаратты, Ол мәңгі бақи сөзінде тұрады.
7 Қаналғандарды Ол әділдікке жеткізеді, Ашығып жүргендерге тамақ береді. Жаратқан Ие тұтқындарды босатады,
8 Иеміз зағиптардың көзін ашады. Жаратқан бүкірлерді түзу етеді, Иеміз әділдерді жақсы көреді.
9 Жат жұрттықтың мүддесін Жаратқан қорғайды, Жетім-жесірлерді де қолдап-қоштайды, Ал зұлымдардың ой-ниетін талқандайды.
10 Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді! Уа, Сион, сиынған Құдайың патшалық Құрады ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!