Забур жырлары
Тарау 140 [139]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)Уа, Жаратқан, зұлым адамнан құтқаршы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы,
2 Ойларында олар сұм жоспар құрады, Күн сайын ұрыс-керіс туғызады.
3 Өткір тілдері жыландай шағады, «Сұр жыланның уы» тілдерінен тамады.
4 Уа, Жаратқан, зұлымның қолынан сақташы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы, Аяғымнан шалып олар құлатпақшы.
5 Паңдар маған жасырын тұзақ құрды, Торларының жіптерін кеңінен жайды, Олар жүрген жолыма қақпандар құрды.
6 «Сен Құдайымсың, — дедім Жаратқанға, — Уа, Ием, құлақ түрші жалынған даусыма.
7 Жаратушы Тәңір Ием, мықты құтқарушымсың, Шайқас күні басымды дулығадай қорғадың.
8 О, Ием, зұлымға қалауын бермеші, Оның сұм ойларын табысты етпеші, Дұшпандарға көкіректерін көтертпеші».
9 Жауларым мені қоршауға алды жан-жақтан, Ал зұлымдықтары ауыздарынан шыққан Өз бастарына түсе берсін әрқашан!
10 Көмір шоғындай оларға жаудырылсын, Отқа не батпақты шұңқырға лақтырылсын, Енді қайтып солардан шыға алмасын,
11 Жалақор адамдар елде орнықпасын, Зорлықшылдарды апат қуып ұстасын.
12 Жаратқан жайлы білемін мына жайтты: Бейшараның хұқығын Ол сақтайды, Мұқтаждың мүддесін қолдап-қорғайды,
13 Иә, әділдер атыңды мадақтайды, Адал жандар көз алдыңда жасайды.