Забур жырлары
Тарау 79 [78]
(Асафтың жыры.)Уа, Құдай, Өзіңе бағынбаған ұлттар Сенің меншікті еліңді басып, олар Сенің киелі үйіңді арамдады, Иерусалимді қиратып, талқандады.
2 Жау Сенің қызметшілеріңнің мәйіттерін Құстарға жемтік етіп тастап кеткен, Олар адал адамдарыңның денелерін Жабайы аңдардың азығы еткен,
3 Солардың қанын Иерусалимді Айналдыра ағызды су тәрізді, Сүйектерін жерлейтін қалдырмады ешкімді.
4 Көршілеріміз бізді келеке қылуда, Маңымыздағылар мазақтап қорлауда.
5 Қашанғы бізге ашуланасың ұдайы, Уа, Ием, қашанғы қаһарың оттай лаулайды?
6 Ашуыңды төксеңші соның орнына Өзіңді мойындамайтын бөтен ұлттарға, Саған сиынбайтын патшалықтарға.
7 Олар Жақыптың ұрпақтарын жалмады, Мекен-тұрағын қиратып, бос қалдырды.
8 Бізге аталарымыздың күнәларын артпашы, Қайта, өз рақымыңды бізге тезірек жолдашы, Өйткені әлсіреп түңілдік аса қатты.
9 Құтқарушы Құдайымыз, бізді қолдай гөр, Атыңның даңқына бола азат ете гөр, Есіміңе бола бар күнәмізді кешіре гөр.
10 Бізді Өзіңе бағынбаған халықтардың «Құдайы қайда екен бұлардың?» Деген мазағына неге қалдырасың? Олар Сенің қызметшілеріңнің қанын төкті, Әділ жаза тартқандарын бізге көрсетші.
11 Тұтқындардың күңіренісіне құлақ салшы, Ұлы құдіретіңмен әрекет жасашы, Өлімге кесілгендерді аман сақташы.
12 Көршілерімізге, уа, Ием, өз атыңды Қорлағандарын жеті еселеп қайтаршы.
13 Бағып жүрген халқың әрі «отарыңбыз», Сондықтан Өзіңді мәңгі мадақтаймыз, Күллі ұрпаққа ұлылығыңды даңқтаймыз.