Забур жырлары
Тарау 82 [81]
(Асафтың жыры.)Құдай үлкен мәжілісін басқарады, Сонда Ол билерге үкім шығарады:
2 «Қашанғы әділетсіз үкім айтпақсыңдар, Зұлымдарға оң қабақ танытпақсыңдар?
3 Жарлы мен жетімнің мүддесін қорғаңдар, Бейшара кедейге әділдік жасаңдар!
4 Шарасыз бен мұқтажды құтқарыңдар, Зұлымның шеңгелінен оны босатыңдар!»
5 Ештеңе ұқпастан, ештеңе білместен, Қанаушылары түнекте жүріп келген, Содан елдің бар негізі дірілдеген!
6 Былай деген едім: «Сендер құдайсыңдар, Бәрің Хақ Тағаланың рухани ұлысыңдар,
7 Дегенмен жай пендедей құрисыңдар, Әрі әміршідей қаза табасыңдар».
8 Уа, Құдай, көтеріліп, жерді сотташы, Сен иемденесің ғой бар халықтарды!