Забур жырлары
Тарау 12 [11]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)Уа, Жаратқан, құтқара гөр, әділдер қалмады, Адамзат арасынан адал атаулы жоғалды!
2 Әрбір жан жақындарына жалғандық айтады, Мүләйім жүзбен сөйлесіп, жағымпазданады.
3 Ием тілдерін олардың бөсіп мақтанатын Тоқтата көрсін әрі жағымпаз ауыздарын.
4 «Тілімізбен жеңеміз, аузымыз өзіміздікі! Кім билік жүргізбек бізге?» деп олар көпіреді.
5 «Жарлылар жапа шегіп, кедейлер де күрсінеді, Енді орнымнан тұрамын! — дейді Жаратқан Ие, — Қауіптен қорғаймын Мен жәбір көргендерді».
6 Жаратқанның сөздері таза да сенімді, Жеті рет балқытылып тазарған күміс секілді.
7 Жаратқан Ие, қаналғандарды Сен қорғайсың, Сол арсыз ұрпақтан оларды мәңгі сақтайсың.
8 Ал зұлымдар әлі де емін-еркін жүреді, Адамдар арасында арсыздық дәріптеледі.