Забур жырлары
Тарау 80 [79]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Келісім қызғалдағы» әуенімен айтылатын Асафтың жыры.)Уа, Исраилдің Бағушысы, құлақ түрші, Бейне қой отарындай жетелейсің Жүсіпті. Уа, керубтер арасында «тақта» Отырушы, Өзіңнің нұрлы салтанатыңды жайнатшы.
2 Ефрем, Бунямин, Манаса руларының Көз алдында зор күшіңді көрсетші, Өзің келіп, бізді құтқарсаң етті!
3 О, Құдай, бізді қайтаршы өз жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.
4 Уа, Жаратқан, Әлемнің Иесі — Құдайсың, Қашанғы өз халқыңа ашуланасың, Мінажаттарымыздан мүлдем бас тартасың?
5 Сен халқыңды көз жасымен тойындырдың, Иә, көз жасымен шөлімізді әбден қандырдың,
6 Сөйтіп мазақтаттың бізді көршілерімізге, Дұшпандарымыз табалап келекелеуде.
7 Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.
8 Бізді Мысырдан жүзім бұтасындай әкелдің, Басқа ұлттарды елден қуып шығардың, Солардың орнына бізді отырғыздың.
9 Ол үшін тазартып, өңдедің жерді, Сол «бұта» тамыр жайып, толтырды елді,
10 Оның көлеңкесі тауларды жапты, Сабақтары зор самырсындарды басты.
11 Бұтақтары созылды теңізге дейін, Өркендері — Евфрат өзеніне дейін.
12 Енді неге қоршаған дуалын қираттың? Қасынан өткеннің бәрі жұлды жемісін,
13 Орман қабаны түбін қазып, қопаруда, Түз аңдары жайылып, «бұтаңды» жалмауда!
14 Уа, Әлемнің Иесі, қайта оралсаңшы, О, Құдай, көктен жерге көз салсаңшы, Осы «жүзім бұтасын» қамқорлашы,
15 Құдіретті қолыңмен оны отырғыздың, Сабақтарын Өзіңе арнап өсірдің.
16 «Жүзім бұтаңды» шауып, өртеді жаулар, Бетіңнің ызбарынан жойылады олар.
17 Қолдай гөр оң жағыңдағы халқыңды, Өзіңе арнап нығайтқан ұлтыңды.
18 Сенен енді қайтып безбейміз сонда, Сиынатын боламыз Сенің атыңа, Өмірімізді жаңарта гөр тағы да.
19 Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.