Забур жырлары
Тарау 46 [45]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Сопрано дауыспен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз.
2 Сол себептен біз уайымдап қорықпаймыз, Тіпті дүниенің астан-кестені шықса да, Таулар теңіздің тұңғиығына құласа да,
3 Теңіз долдана ақ көбік атқыласа да, Оның толқынынан тау сілкініп жатса да. (Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!)
4 Құдайдың таңдап алған қаласына, Алла Тағаланың киелі тұрағына Оның рақымы бұлақтың суындай Әрқашан да нәр беріп қуантуда.
5 Құдай осы қаланың ортасында, Ешқашан қозғалмайды да сол қала, Құдай көмегін береді таң ата.
6 Халықтар абыржи толқып, Патшалардың тақтары шайқалады, Алла Тағаланың үні естіліп, Бүкіл жер беті балқып жоқ болады.
7 Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!
8 Келіп көріңдер Иенің істерін, Ол ойрандатты жаулардың жерлерін,
9 Дүниедегі соғыстарды тоқтатып, Садақ, найза атаулыны сындырып, Күймелерді қиратты отқа жағып.
10 «Тынышталыңдар барлығың енді, Біліңдер Менің Құдай екенімді! Басқа халықтар Мені құрметтейді, Дүние жүзінде Мені қастерлейді».
11 Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!