Забур жырлары
Тарау 132 [131]
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)Уа, Жаратқан Ие, есіңе түсірші Қиындық молынан көрген Дәуітті.
2 Ол Жаратқан Иеге уәде етті, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайына былай деп ант берді: «Мен кірмеймін үйімнің ішіне, Әрі жатпаймын төсегіме, Ұйқы бермеймін көздеріме, Мүлгітпеймін кірпіктерімді, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайы — Жаратқан Иеге тұрақты Мекен салып бермейінше».
6 Сандықтың Ефратада екенін естідік, Иғарым даласынан оны таптық.
7 Жүріңдер, тұрағына Оның кірейік, «Табан тіренішінде» мінажат етейік.
8 Уа, Жаратқан Ие, көтерілші, Тынығар киелі тұрағыңа кірші, Сандығыңмен бірге — құдіретіңнің белгісі.
9 Діни қызметкерлерің әділдік жамылсын, Өзіңе адалдар шаттана ән-жыр айтсын.
10 Қызметшің Дәуітті есіңе алсаңшы, Тағайындаған патшаңнан бас тартпашы.
11 Дәуітке былай деп ант берді Жаратқан, Шынайы сертін бұзбайды Ол ешқашан: «Бір ұрпағыңды өзіңнен тараған Мен сенің тағыңа отырғызамын.
12 Келісімім мен ережелерімді Ұрпақтарың Өзімнен үйренеді. Егер соларды ұстанатын болса, Олардың ұрпақтары сенің тағыңда Әрқашан отыратын болады да».
13 Өйткені Жаратқан Ие Сионды таңдады, Оның жердегі тұрағы болуын қалады:
14 «Бұл — Менің тынығар мәңгілік тұрағым, Мен мұнда орнығамын, сол — Менің қалауым.
15 Бұл қаланы өркендетіп, жарылқаймын, Мұқтаждарын тамақпен қарық қыламын.
16 Діни қызметкерлерге құтқаруды мол сыйлаймын, Өзіме адалдар шаттана ән-жыр айтсын.
17 Мұнда Дәуіттің күшті ұрпағын шығарамын, Бұл патшамның өмір шырағын жандырамын,
18 Басындағы тәжін жарқыратамын, Ал оның жауларын ұятқа қалдырамын».