Забур жырлары
Тарау 144 [143]
(Дәуіттің жыры.)Даңқталсын құздай нық қорғаным — Жаратқан! Қолдарымды соғысқа Ол жаттықтырған, Саусақтарымды шайқасқа дайындаған.
2 Ол — рақымның қайнары әрі қамалым, Мықты мұнарам әрі құтқарушым, Қалқандай қорғаушым әрі баспанам, Халқымды Ол билігіме тапсырған.
3 Уа, Ием, Сен ескеретіндей адам сонша кім, Өзің қамқорлайтындай адам баласы кім?
4 Алған деміне ғана ұқсайды адам, Өткен көлеңкедей күндері қысқарған.
5 Көкті қақ жарып, уа, Ием, төменге түсші, Түтін шықсын деп тауларға қол тигізші,
6 Найзағай жарқылдатып, жауды шашыратшы, Жебелер атқылап оларды қиратшы,
7 Қолыңды көктен созып мені құтқаршы, Топан судай мол жат жұрттан азат қылшы,
8 Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары.
9 Уа, Құдай, Өзіңе жаңа ән саламын, Он ішекті жетігенмен күй тартамын.
10 Патшаларға Сен жеңісті сыйлайсың, Қызметшің Дәуітті аман сақтайсың.
11 Ажалды семсерден мені құтқаршы, Жат жұрттың қолынан азат қылшы, Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары.
12 Жастық шақтан өсіре гөр ұлдарымызды Жақсы өңделген дала дақылдары сықылды, Қыздарымыз болсын безендірген сарайдағы Әсемдеп өрнектелген бағана сияқты.
13 Қоймамыз лайым толы бола берсін Алуан түрімен азық-түліктің, Малдарымыз мың-мыңдап көбейсін, Жайылымда оң мыңдап молайсын,
14 Өгіздеріміз ауыр жүктен арылмасын, Қамалдарымыз ешқашан жарылмасын, Ешбір жау бізді тұтқынға айдамасын, Көшеде зар жылаған дауыс шықпасын!
15 Осындай тілектері іске асқан Әрбір халық қандай жарылқанған! Құдайы — Жаратқан Иеге сиынған Әрбір халық қандай жарылқанған!