Забур жырлары
Тарау 4
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)Уа, Құдай, мені ақтаушы Өзіңсің, Сиынғанымда Сен құлақ сала гөр. Мені қысымшылықтан азат еттің, Қазір де рақыммен құлақ түре гөр.
2 Әй, пенделер, сендер абыройымды Қашанғы қорлап төге бермексіңдер? Жақсы көріп құр сөз бен бос істерді, Қашанғы өтірікке ермексіңдер?
3 Біліңдер: Жаратқан әділді таңдады, Жалбарынсам, Ием құлақ асады.
4 Ашуланғанда күнә жасамаңдар, Төсекте жатқанда ойланып-толғаныңдар, Жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар!
5 Жаратқанға лайықты тарту арнаңдар, Оған сенім артып, мойынсұныңдар!
6 «Кім бізге жақсылық жасар?» деп сұрап, Күдік келтіреді көптеген кісілер. Уа, Жаратқан, жылы шыраймен қарап, Бет-жүзіңнің нұрын бізге төге гөр.
7 Молайса нан менен жүзім шырыны, Саған сенбейтіндер масаттанады. Менің жүрегімді Өзің шаттандырдың, Соншама зор қуанышқа толтырдың.
8 Уа, Жаратқан, мен төсегіме жатып Ұйықтаймын енді қаннен-қаперсіз, Өйткені Өзің маған бердің сыйлап Тыныш өмірді қауіп-қатерсіз.