Забур жырлары
Тарау 89 [88]
(Езрахтық Етанның насихат жыры.)Зор рақым-шапағатыңды, уа, Жаратқан, Әр уақытта мен ән-жырға қосамын, Сөзіңе беріктігіңді Өзіңнің Бар ұрпақтарға айтатын боламын.
2 Солай Сенің тұрақты рақымыңның Мәңгілік екенін жариялаймын. Өзіңнің шындығыңды көкте бекіттің, (Өйткені Сен мынаны айтқан едің:)
3 «Мен таңдаулыммен Келісім жасадым, Қызметшім Дәуітке былай деп ант бердім:
4 Әулетіңді әрқашан да нығайтамын, Ұрпақтан ұрпаққа тағыңды орнатамын».
5 Уа, Жаратқан, көкте даңқталар кереметтерің, Қасиеттілер жиынында — өз беріктігің.
6 Көктегі кім Иемізбен теңесе алар, Күштілер арасында кім Жаратқанға ұқсар?
7 Қасиетті періштелердің үлкен тобы Терең қастерлейді айбынды Құдайды, Биік тағын айналдыра Оны құрметтейді.
8 Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Саған ұқсас кім бар, сондай құдіретті? Адалдығың жан-жақтан қоршайды Сені.
9 Уа, Ием, буырқанған теңізге билік айтасың, Көтерілген толқындарын тыншытасың.
10 Паң мысырлықты Сен талқандап қираттың, Жауларыңды күшті қолыңмен шашыраттың.
11 Көк те — Сенікі, жер де — өз меншігің, Негізін салдың Сен күллі әлемнің, Әрі жараттың ондағылардың бәрін.
12 Сен жараттың солтүстік, оңтүстікті де, Табор, Хермон таулары қуанады есіміңе.
13 Қолың мен білегің ерен қуатты, Оң қолың барлығынан да жоғары.
14 Әділдік, әділет — тағыңның негізі, Рақым мен адалдық алдыңда жүреді.
15 Мадақтау жиналысына шақырған Қуанышты дауысты танып, қосылған Халық сондай бақытты, өйткені оған Жүзіңнің нұрында жүру бұйырылған,
16 Күні бойы олар ұлы атыңа қуанады, Әділдігің оларды жоғарылатады.
17 Бұлардың күші мен ұлылығы Өзіңнен, Сенің рақымыңмен патшамыз күшейген.
18 Себебі қорғанышымыз — Жаратқан Иеден, Біздің патшамыз — Исраилдің киелі Тәңірінен.
19 Уа, Жаратқан, бірде Сен аян берген едің, Адал кісіңе мынадай сөз айтқан едің: «Мен жауынгер адамға күш-қуат дарыттым, Халықтан оны таңдап ап, жоғарылаттым:
20 Осы қызметшім Дәуітті тауып алдым, Арнайы майымды оған жақтырттым, Патша болуға оны тағайындаттым.
21 Ұдайы оны қорғап-қолдайтын боламын, Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын.
22 Жау одан амалын асыра алмайды, Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды,
23 Оның алдынан жауларын құртамын, Өзін жек көргендерді қиратамын.
24 Берік рақымыма Дәуіт ие болады, Өз атыма бола оның күші артады,
25 Дәуіттің билігін Жерорта теңізіне Создырам, әрі шығыстың өзендеріне.
26 Ол былай деп атамақ атымды Менің: «Сен Әкемсің, Құдайымсың өзімнің, Жартастай паналайтын Құтқарушымсың».
27 Мен оны «Тұңғышым» деп белгілеймін, Жер патшаларынан үстем етемін.
28 Мейірімімді оған мәңгі сақтаймын, Келісімімнен ешқашан бас тартпаймын.
29 Дәйім оның ұрпағын нығайтамын, Тағын да көк іспетті шексіз орнатамын.
30 Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды, Әрі орындамаса бұйрықтарымды,
31 Егер бұзып жатса ережелерімді, Сақтаудан бас тартса өсиеттерімді,
32 Онда күнәлары үшін таяқпен ұрамын, Зұлым істері үшін қамшымен соғамын.
33 Ал Дәуіттен мейірімімді қайтып алмаймын, Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын,
35 Мен Келісімімді еш уақытта бұзбаймын, Аузымнан шыққан сөзді өзгертпеймін.
35 Мен Дәуітке ант еткенмін біржолата, Қасиеттімін, жалғандық айтпаймын да:
36 Әулеті жалғасады шексіз уақытқа, Оның патшалық тағы Менің көз алдымда, Күн іспетті ол әрдайым бар болады да,
37 Ай іспетті ол тұрақты болып орнайды, Аспандағы адал айғаққа ұқсайды».
38 Ал қазір Сен тағайындаған патшаңнан Сырт айналдың, жаратпай ашуландың оған,
39 Қызметшіңмен жасаған Келісіміңнен тандың, Оның тәжін жерге лақтырып арамдадың.
40 Күллі қамалдарын жойып қираттың, Қорғандарын үйіндіге айналдырдың.
41 Жолшыбай өткендер оны тонайды, Көршілері келекелеп мазақтайды.
42 Оның жауларын күшейтіп, үстем еттің, Барлық дұшпандарын шаттыққа кенелттің.
43 Патшаның семсерінің жүзін мұқалттың, Шайқаста оны қорғап-қолдамадың.
44 Оның жарқын салтанатын тоқтаттың, Әрі патшалық тағын жерге құлаттың.
45 Сен патшаның жастық шағын қысқарттың, Масқараны оған шапандай жаптың.
46 Қашанғы, уа, Жаратқан, жасырынбақсың? Ием, мәңгі лаулай ма оттай қаһарың?
47 Ескерші өмірімнің қысқалығын, Қандай бекершілікке адамзатты бұйырдың!
48 Қай адам ғұмыр кешіп, өлімді көрмеді, Кім ажал тырнағынан өзін құтқарды?
49 Уа, Ием, қайда бұрынғы зор рақымың, Адалдығың мен Дәуітке берген антың?
50 Ием, ескере гөр құлыңның мазақталғанын, Көп ұлттың мысқылының көңіліме батқанын,
51 Уа, Жаратқан, жауларыңның балағаттағанын, Өзің бекіткен патшаңның істерін қорлағанын.
52 Жаратқан Ие мәңгілік мадақталсын! Аумин, иә, аумин.