Забур жырлары
Тарау 109 [108]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)Уа, Құдай, мадақтап келемін Сені, Тіл қатпай, үнсіз қала көрме енді.
2 Себебі адамдар зұлым да алдамшы, Маған қарсы ауыздарын ашады, Жалған тілдерімен жала жабады,
3 Қас сөздерімен жан-жақтан қыспақтайды, Еш себепсіз маған шабуыл жасайды,
4 Достығыма жауап береді қастықпен, Алайда Саған сиынып келемін мен.
5 Жақсылығыма олар сұмдық қайтарады, Достығыма өшпенділік танытады.
6 (Қарсыластарым мені былай деп қарғады:) «Оған бір зұлым жанды қарсы қойшы, Оң жағына айыптаушысын тұрғызшы,
7 Сотталғанда ол кінәлі боп шықсын, Тіпті дұғасы да күнә боп табылсын,
8 Көретін күндері оның аз болсын, Міндетін оның басқа біреу алсын!
9 Балалары жетім, әйелі жесір қалсын,
10 Ұрпақтары қаңғырған қайыршы болсын, Қираған үйлерінен аластатылсын,
11 Қарыз берген оның барын тартып алсын, Еңбегінің жемісін бөтендер тонасын,
12 Жаны ашитын адал досы болмасын, Жетімдерін мүсіркейтін де табылмасын,
13 Перзенттері көп жасамай шетінесін, Есімдерін келесі ұрпақ білмесін.
14 Әділетсіз істері ата-бабасының Жаратқан Иенің есіне салынсын, Шешесінің күнәсі де кешірілмесін,
15 Кінәлары Жаратқанның алдында қала берсін, Ол есімдерін жер бетінен із-түзсіз өшірсін.
16 Өйткені бұл жан жақсылық жасаудан безді, Кедейді, мүсәпір мен үмітсізді Өлтірмек болып қуғындап өкшеледі.
17 Ол қарғыс айтуды сондай ұнатты, Ендеше өзіне қонсын қарғысы, Оң бата дегенді ол менсінбейтін, Ендеше оң бата оған қонбай кетсін.
18 Бұл өзі қарғауын «киімдей киетін», Тәніне сол су, май іспетті «сіңетін»,
19 Енді қарғыс болсын киетін киіміндей, Ұдайы буынатын белбеуіндей.
20 Ол мені айыптап, қастық айта беретін. Жаратқан оған қайтарсын соның есесін!» (Деп білдіреді олар теріс тілектерін.)
21 Ал Сен, уа, Тәңір Ием — Жаратушы, Есіміңе бола маған жақсы қарашы, Берік рақымың игі, мені құтқаршы.
22 Өйткені мен бейшара, мүсәпірмін, Әрі жаралы — бойымдағы жүрегім.
23 Ғайып болар көлеңкедеймін кешкі, Шегірткедей жау қағып жібереді мені.
24 Оразадан әлсіреді тізелерім, Денем жүдеу, омсырайған бүкіл тәнім.
25 Мен келекеге айналдым жұрт үшін, Көрсе мені шайқайды олар бастарын.
26 Уа, Құдай Ием, маған көмектесші, Рақымыңа сай мені құтқара көрші.
27 О, Ием, мұны істеген Сен екенін, Өз қолыңның жасағанын олар білсін!
28 Жауларым қарғайды, бірақ Сен жарылқайсың, Бас салса, өздері масқараға қалсын, Ал Сенің қызметшің шаттанатын болсын.
29 Айыптаушыларым ұятқа бөленсін, Олар масқараға жамылғыдай орансын.
30 Мен Жаратқан Иеге көп мақтау айтамын, Үлкен жиында Оның даңқын асырамын,
31 Жаратқан бейшара жанды қолдап-қорғайды, Айыптаушылардан аман-есен сақтайды.