Забур жырлары
Тарау 47 [46]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының жыры.)Күллі ұлттар, Құдайға қол соғыңдар, Шаттық үнмен дауыстап Оны мақтаңдар!
2 Себебі Жаратқан — Хақ Тағала айбатты, Ол — бүкіл жер бетінің ұлы Патшасы
3 Бізге халықтарды бағындырады, Жау ұлттарды табанымызға салады.
4 Үлесімізге таңдады Ол біз үшін Өзі сүйген Жақыптың мақтаулы елін.
5 Құдай Ие халқының шаттық айқайымен Тұрағына көтерілді, һәм керней үнімен.
6 Әндетіңдер, Құдайға ән-жыр шырқаңдар, Күй тартып та Патшамызды мадақтаңдар!
7 Құдай — Патшасы күллі жер бетінің, Лайым Оған айтыңдар мадақтау жырын!
8 Құдай халықтарға билігін орнатты, Киелі тағына Ол отырып алды.
9 Басқа ұлттардың басшылары жиналар, Ыбырайым сиынған Құдайдың халқына қосылар, Өйткені Құдайдікі жер бетінің патшалары, Оның дәрежесі бәрінікінен де жоғары!