Забур жырлары
Тарау 36 [35]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, Жаратқан Иенің қызметшісі Дәуіттің жыры.)Зұлымның заңсыздығы жайлы жүрегімнің Түкпірінен шыққан ойды былай деймін: Оның ниеті жоқ Құдайды қастерлейтін.
2 Күнәсін ұғып, жек көргеннен гөрі Жағымпазданады ол өзіне-өзі.
3 Зұлымдық пен өтірік — айтқан сөздері, Жақсылық жасауды ойлағысы келмейді,
4 Төсекте жатып та сұмдық жоспарлайды, Теріс жолмен жүріп, күнәдан бас тартпайды.
5 Ал, Ием, көктей шексіз Сенің рақымың, Бұлттардай заңғар Сенің адалдығың!
6 Таулардай айбынды Сенің әділдігің, Тұңғиықтай терең Сенің шешімдерің. Сен адам мен хайуанның екеуін де Қамқорлап келесің, я, Жаратқан Ие.
7 Уа, Құдай, Сенің рақымың қандай қымбат, Қанатыңның астын паналайды адамзат,
8 Әлеміңнің игілігіне тойдырасың, Өзеніңнің рақатына қандырасың.
9 Өйткені өмірдің қайнары Өзіңсің, Жарықты көреміз нұрыңда Өзіңнің.
10 Сені білетіндерге рақымыңды төкші, Адал жандарға шындығыңды көрсетші.
11 Менмендерге мені таптата көрмеші, Зұлымдарға да қудалата көрмеші.
12 Әне, қылмыскерлер орындарынан құлады, Қайтып тұрмастай төменге лақтырылды!