Забур жырлары
Тарау 101 [100]
(Дәуіттің жыры.)Рақым мен әділдік жайлы ән шырқаймын, Уа, Жаратқан, әніммен Сені мадақтаймын.
2 Мінсіз жүру жайлы мұқият ойлаймын, «Қашан маған келесің?» деп сұраймын, Таза жүрекпен үйімді аралаймын.
3 Арам нәрселерге еш көз салмаймын, Опасыздардың істерін мүлдем ұнатпаймын, Өзіме жабысуларына мүмкіндік бермеймін.
4 Азғын жүректіні қасымнан қуамын, Зұлымдық атаулыдан аулақ боламын,
5 Өзгені құпия жамандайтынды жоямын, Паң көзді, өркөкірекке төзе алмаймын.
6 Елдегі адалдарға назар аударамын, Олар аман-есен қасымда тұра алсын, Таза жүргендер ғана маған қызмет қылсын.
7 Ешбір алдамшы сарайымда тұрмайды, Жалған сөйлеуші көз алдымда қалмайды.
8 Таң атқаннан зұлымның бәрін басамын, Жаратқанның қаласынан сұмдарды құртамын.