Забур жырлары
Тарау 28 [27]
(Дәуіттің жыры.)Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием, Жартастай берік қорғанымсың Сен, Бас тарта көрме маған жауап беруден. Егер де тіл қатып жауап бермесең, Қабірге түскендерге ұқсаймын мен.
2 Киелі үйіңе қарай қол көтеріп Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп, Менің даусыма құлақ түре көрші.
3 Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге Маған өлімді бұйыра көрмеші. Басқалармен солар жылы сөйлескенмен, Олардың жүректері арамза әбден.
4 Соларға жасаған қылмыстарына сай, Істеген зұлым істеріне қарай Тиісті жазаларын тартқыза гөр, Лайықты қарымтасын қайтара гөр.
5 Иеміздің істерін олар елемейді, Оның жаратқандарын құрметтемейді, Сондықтан Ол соларды талқандайды, Енді қайтып оларды көтермейді.
6 Жаратқан Ие мақталсын әрқашан! Құлақ асты Ол даусыма жалынған.
7 Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным, Шын жүректен Оған сенім артамын. Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім, Иеме ән салып Оны дәріптеймін.
8 Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының, Әрі Өзі тағайындаған патшасының Берік қорғаны аман-есен сақтайтын.
9 Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр, Меншікті қауымыңды жарылқай гөр, Бағушысы болып мәңгі көтере бер.