Забур жырлары
Тарау 96 [95]
Шырқаңдар жаңа ән Жаратқан Иеге, Күллі әлем, ән-жыр айтыңдар Иемізге!
2 Ән салып Оның есімін мадақтаңдар, Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар,
3 Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын, Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін!
4 Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты, Оны қастерлеу қажет бар «тәңір, пірден» гөрі.
5 Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған, Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан!
6 Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында, Құдірет пен әсемдік киелі тұрағында.
7 Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың,
8 Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Оның аулаларына сый-тарту әкеліңдер,
9 Қасиетті салтанатына бөленіңдер, Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер, Оның алдында дірілдеп дәріпте, бүкіл жер!
10 Бар ұлттарға мынаны паш етіңдер: «Жаратқан Иеміз патшалық жүргізер!» Әлем берік орнатылды, орнынан қозғалмайды, Иеміз ұлттарды әділдікпен соттайды.
11 Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын, Теңіз бен ондағылар бәрі шуылдасын,
12 Дала мен ондағылар жырлап шаттансын, Бар орман ағаштары қуана ән салсын,
13 Келе жатқан Жаратқан Иенің алдынан шықсын! Себебі Ол келіп, жерге сот құрады, Әлемге әділдікпен үкім шығарады, Ұлттарға адалдығымен билік айтады.