Забур жырлары
Тарау 6
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме, Қаһарланып мені жазалай көрме.
2 Әлсізбін, о, Ием, рақымды бола гөр, Дірілдеген денемді сауықтыра гөр.
3 Жан дүнием қатты арпалысады, Жол бересің, уа, Ием, бұған қашанғы?
4 Я, Ием, қайтып, жанымды құтқара гөр, Берік рақымыңмен аман сақтай гөр.
5 Өлгендер Сені естеріне алмас, Көрдегілер Сені мадақтамас.
6 Күрсіне ыңқылдап қатты шаршаймын, Түні бойы зар еңіреп жылаймын, Төсегімді көз жасыммен дымқылдаймын.
7 Осы қайғымнан көзім солып қалды, Көп жауыма бола көруден қалды.
8 Аулақ менен, бар зұлымдық жасайтындар! Ием құлақ түрді жылаған даусыма,
9 Жаратқан естіді жалынышымды, Иә, Ием қабылдайды мінажатымды.
10 Бар жауым үрейленіп масқаралансын, Кенеттен кері қайтып, қарабет болсын.