Забур жырлары
Тарау 16 [15]
(Дәуіттің насихат мінажаты.)Уа, Құдайым, сақтай гөр Өзің мені, Баспана етемін жалғыз Сені!
2 Жаратқанға былай деймін: «Сен Иемсің, Сенен бөлек жоқ ешбір игілігім!»
3 Ұлы жандар — Саған бағышталғандар, Маған өте ұнайды елде олар.
4 Ал бөтен тәңірлердің жолын қуғандар: Қасіретке молынан ұшырамақ олар. Тәңірсымақтарға құрбандық шалмаймын, Олардың аттарын аузыма еш алмаймын.
5 Уа, Ием, маған жар болып келесің, Жарылқап мені амандық бересің, Тағдырым қауіпсіз қолыңда Сенің.
6 Тамаша — маған тиген үлесім, Қатты ұнайды ғажайып мұрам.
7 Даңқтаймын ақыл-кеңес берген Иемді, Ұжданым түнде де мені ескертеді.
8 Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.
9 Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам болып тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.
10 Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті адамыңның тәнін шірітпейсің.
11 Шын өмір жолын маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің, Оң жағыңда мәңгі игілік бересің.