Забур жырлары
Тарау 72 [71]
(Сүлейменнің жыры.)Уа, Құдай, патшаңа әділ шешімдер сыйлай гөр, Патшаның ұлына да әділдікті үйрете гөр,
2 Ол халқыңа әділетпен билік құрсын, Жарлыларыңа әділ үкім шығарсын.
3 Қыраттар халқыңа молшылық берсін, Қырдан олар әділдіктің өнімін терсін.
4 Патша халықтың жарлыларын қорғасын, Мұқтаждың ұрпақтарын да аман сақтасын, Ал қанаушыларын басып жуасытсын.
5 Күн мен ай нұрын шашып болмайынша, Халқың Сені қастерлесін ұрпақтан ұрпаққа.
6 Игілікті болсын патшаның билігі: Қайта қаулата өсірген шабындықты Аспаннан жауған көктемгі жаңбырдай, Иә, топырақтың шөлін қандырған нөсердей.
7 Патша заманында әділдер өркендесін, Ай өшпейінше молшылық жайыла берсін.
8 Ол билік құрады теңізден теңізге дейін, Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін,
9 Құла түздің тұрғындары оған бас ұрады, Ал жаулары топырақты жалайтын болады.
10 Тарсис пен аралдардың патшалары Патшаңа алым-салық төлеп тұрады, Әрі Себа мен Сәбаның патшалары Сый-тартулар әкеліп отырады.
11 Күллі патшалар оған бас иеді, Күллі ұлттар оған қызмет етеді.
12 Патша құтқарады жалынған мұқтажды Және қолдаушысы жоқ қаналғанды,
13 Ол әлсіз бен кедейді қамқорлайды, Оларды ажалдан аман сақтайды,
14 Әрі зорлық-зомбылықтан қорғайды, Олардың қанын қымбат деп санайды.
15 Ғұмыры патшаның ұзақ болсын, Оған Сәбаның алтынынан сый тартылсын, Лайым жұрт патшасы үшін мінажат қылсын, Күн сайын жарылқануы үшін Тәңірге сиынсын!
16 Жердің беті егінге тола берсін, Қырда дәнді сабақтары өсіп-өнсін, Олар Ливан орманындай сыңсып тұрсын, Қаланың тұрғындары да шөптей көбейсін.
17 Патшаның есімі мәңгілікке ұлассын, Күннің сәулесіндей ұзаққа созылсын, Ол арқылы барлық ұлттар жарылқансын, Есімі оның үздіксіз мақталатын болсын!
18 Лайым мадақталсын Исраил сиынатын Құдай, Тек Жаратқан Ие — керемет жасайтын Құдай!
19 Оның даңқты есімі мәңгі дәріптелсін, Күллі жер Оның салтанатына кенелсін. Аумин, иә, аумин.
20 (Есей ұлы Дәуіттің мінажаттары осымен аяқталады.)