Забур жырлары
Тарау 114 [113]
Исраил көшіп шыққанда Мысырдан, Жақыптың әулеті сол бөтен тілді жұрттан,
2 Яһуда елі Құдайдың киелі үйіне Айналды, Исраил де — Оның иелігіне.
3 Сонда теңіз көріп, қаша жөнелді, Иордан өзені кері бұрылды,
4 Таулар қошқар іспетті секірді, Төбелер қозы іспетті секектеді.
5 Уа, теңіз, сен неге қаша жөнелдің? Уа, Иордан, сен неге кері бұрылдың?
6 Таулар, қошқардай неге секірдіңдер? Төбелер, қозыдай неге секектедіңдер?
7 Жер, дірілде Жаратқанның алдында, Жақып сиынған Құдайдың алдында.
8 Құдай жартасты айналдырды көлге, Дәу шақпақ тасты атқылаған су көзіне.
9 Біздің емес, уа, Жаратқан, тек Сенің атың Рақымың мен адалдығың үшін даңқталсын!
10 «Қайда екен сиынған Құдайы бұлардың?» Деп басқа халықтар неге табаласын?
11 Ал сиынған Құдайымыз заңғар көкте, Ол барлық қалауын асырады іске.
12 Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан, Адамдардың қолдарымен жасалған.
13 Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды, Көздері бар, бірақ көре алмайды,
14 Құлақтары бар, бірақ ести алмайды, Мұрны бар, бірақ иіс білмейді,
15 Қолдары бар, бірақ сезе алмайды, Аяқтары бар, бірақ жүре алмайды, Көмейінен бір дыбыс та шықпайды.
16 Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды, Мүсінге сенген әркім де содан аумайды.
17 Уа, Исраилдің бүкіл әулеті, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
18 Уа, Һаронның бүкіл әулеті, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
19 Уа, қастерлейтіндер Иемізді, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
20 Жаратқан Ие бізді есінде ұстайды, Иә, Иеміз біздерді жарылқайды, Ол Исраилдің әулетін жарылқайды, Һәм Һаронның ұрпақтарын жарылқайды.
21 Жаратқан Өзін қастерлейтін жандарды — Үлкенді-кішілі бәрін де жарылқайды.
22 Өздерің мен ұрпақтарыңның сандарын Жаратқан Ие ұдайы ұлғайтсын.
23 Аспанды да, жерді де жаратқан Иеміз өздеріңді жарылқаған.
24 Заңғар көк — Жаратқанның иелігі, Ал жер бетін Ол адамзатқа берді.
25 Өлілер Жаратқанды дәріптемес, Қабірде жатқандар үндемес,
26 Ал біз паш етеміз Иеміздің игілігін Қазіргі кезден мәңгілікке дейін. Жаратқан Ие дәріптеле берсін!