Тарау 49 [48]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының жыры.)

Күллі халықтар, мынаны тыңдаңдар, Әлемнің тұрғындары, құлақ асыңдар,
2 Қатардағылар және атақтылар, Байлар мен бейшаралар, ден қойыңдар!
3 Даналық сөздер шығады аузымнан, Жүрек толғанысым түсінікке толған,
4 Нақыл сөзге құлағымды саламын, Домбыра тартып жұмбағымды ашамын.
5 Қиын-қыстау кезде қорықпаймын, Қоршаса да мені алдамшылардың Зұлымдығы:
6 әл-ауқаттарына олар Сүйеніп, зор байлығымен мақтанар.
7 Ал адам жанын пенде ажалдан босатпас, Оның төлемін Құдайға бере алмас.
8 Адамның мәңгі өмір сүруі үшін, Қабірге түсіп, шірімеуі үшін Төлем төлеп босатудың бағасы Тым қымбат,
9 істей алмас оны адам баласы.Данышпанның да өлгенін жұрт көреді,
10 Дәл солай ақымақ пен ессіз де өледі, Мал-мүлкін басқаға қалдырғанын біледі.
11 Ессіздердің ойынша мәңгі өз үйлері, Ұрпақтан ұрпаққа сақталар мекендері Әрі өз аттарымен аталған жерлері.
12 Ал қадірлі адам да мәңгі қалмайды, Өліп құритын хайуанға ұқсайды.
13 Міне, бұл — ақымақтың жүрер жолдары, Сөздерін қолдайды ізбасарлары.
14 Олар қойлардай өлімге ұшырар, Ажал олардың «бағушысы» болар, Тәндері құрып, қабірді мекендер, Ал таңертең әділдер үстемдік етер.
15 Бірақ Құдай жанымды о дүниеден құтқарады, Ол мені Өзіне қабылдайтын болады.
16 Уайымдама, біреу баи қалғанда, Үйінің салтанаты тым молайғанда,
17 Өлгенде ол өзімен еш нәрсе алмайды, Салтанаты оған еріп бармайды.
18 Тірі кезде ол бақытты сезінетін, Өркендегенде жұрт оны дәріптейтін.
19 Бірақ ол да бабаларына аттанады, Өмірдің нұрынан енді ада болады.
20 Байлығына мастанған ақылсыз жан Іспетті — кейін өліп құритын хайуан.