Забур жырлары
Тарау 30 [29]
(Ғибадатхананы Құдайға бағыштау кезінде айтылатын Дәуіттің әні әрі жыры.)Уа, Жаратқан, даңқыңды асырамын, Сен мені шыңыраудан алып шықтың, Жауларыма мені табалатпадың.
2 О, Құдай Ием, мен Саған сиындым Қолдау сұрап, сонда мені сауықтырдың.
3 Уа, Ием, мені көрден алып қалдың, Ажалдан жанымды арашаладың.
4 Ей, Жаратқан Иеге бағышталғандар, Оған арнап ұдайы ән шырқаңдар, Оның киелі атын мадақтаңдар!
5 Өйткені Ол бір-ақ сәт ашуланады, Ал рақымы өмір бойы ұласады. Кешке жылап-сықтау басым болады, Ал таң ата қуаныш тосып тұрады.
6 Аман-сау болғанда мақтанған едім: «Мен ешқашан да толқымаймын!» дедім.
7 Ал мені таудай нығайтқан Сенің рақымың. Кейін бет-жүзіңді менен жасырдың, Сонда мен қорқып уайымға салындым.
8 Уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, Қолдау сұрап Өзіңе жалбарындым:
9 «Өліп, көрге түсуімнен не пайда, Топырақ сонда Сені мадақтар ма, Адалдығыңды Сенің жариялар ма?!
10 Құлақ түрші, уа, Ием, рақым ете гөр, О, Жаратқан Ие, қолдаушым бола гөр».
11 Қайғымды шаттық биімен алмастырдың, Азалы киімімді шешіп тастадың, Ерен қуанышқа мені бөледің.
12 Енді үздіксіз Саған ән саламын, Уа, Құдай Ием, мәңгі мақтау айтамын.