Забур жырлары
Тарау 63 [62]
(Дәуіттің жыры. Оның Яһуда еліндегі иен далада жүрген кезі туралы.)Уа, Ием, Сен сиынатын Құдайымсың, Таң сәріден мен Саған бет бұрамын, Сусыз жердемін кеуіп, құлазыған, Жан-тәніммен Сені аңсап сағынам.
2 Киелі тұрағыңда аяныңды көрдім, Құдірет пен ұлылығыңды байқадым.
3 Өмірден де артық берік — мейірімің, Ауызым Өзіңді мадақтай берсін,
4 Өмір бойы бір Сені мадақтаймын, Атыңды атап қолымды жаямын.
5 Өйткені жіліктің майлы басынан Гөрі Өзіңнен мол ләззат табамын, Шаттық үнмен Саған мақтау айтамын.
6 Төсекке жатып Сені еске аламын, Түні бойы Сен жайлы ойланамын.
7 Өйткені Өзің менің қолдаушымсың, «Қанатыңның аясында» шаттанамын.
8 Жаным тығыз байланыста Сенімен, Мені демейсің құдіретті қолыңмен.
9 Ал көзімді құртпақшы арамзалар Тозақтың түбіне түсетін болар,
10 Семсердің күшімен олар қырылар, Өліктері шибөріге жем болар.
11 Уа, Құдай, патша Өзіңе шаттанады, Саған бағышталғандар мақтау айтады, Ал өтірікші ауыздар жабылады.