Забур жырлары
Тарау 64 [63]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)Уа, Құдай, арызыма құлақ сала гөр, Жаудың сесінен жанымды сақтай гөр,
2 Зұлымның астыртын әрекетінен Қорғап әрі залымның бүлігінен.
3 Тілдерін олар семсердей өткірлеген, Көздеп тұр жебедей өткір сөздерімен.
4 Айыпсыз жанды атады тосқауылдан, Кенеттен тап береді қорықпастан.
5 Зұлым ойларында бір-бірін қолдайды, Құпия тор құруды жоспарлайды, «Мұны кім көрер?» деп өздерін мақтайды.
6 Қаскүнемдік ойластырып, құрайды, «Мүлтіксіз жоспар құрдық» деп ойлайды. Адамның жан дүниесі — түпсіз тұңғиық, Жүрек түкпірлері пендеге жабық.
7 Ал Құдай соларды жебемен атады, Кенеттен олар жарақаттанады,
8 Өз сөздеріне бола талқандалады, Мұны көргендер олардан бас тартады.
9 Күллі адамзат үрейленеді, Құдайдың істерін жария етеді, Оның керемет жасағанын түсінеді.
10 Жаратқанға әділдер шаттанады, Олар Иемізден пана табады. Ақжүрек жандар Оны мақтан тұтады.