Забур жырлары
Тарау 20 [19]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)Қиын-қыстау кезде Ием саған құлақ салсын, Жақыптың Құдайы бар пәледен сақтасын,
2 Ол киелі үйінен саған көмек жіберсін, Сиондағы тұрағынан нығайта көрсін,
3 Бар сый-тартуларыңды ескере көрсін, Өртелген құрбандығыңа да риза болсын.
4 Жүрегіңнің қалауын Құдай берсін, Бар ой-ниетіңді орындай көрсін.
5 Сонда жеңісіңе қуана әндетеміз, Құдайымыздың атынан ту көтереміз, Тілектеріңді қабыл алсын Иеміз.
6 Жаратқан Өзі тағайындаған Патшасын Аман сақтайтынын енді білемін, Жауап береді оған киелі көгінен, Құтқарады оны құдіретті қолымен.
7 Кейбір ұлт мақтанады күймелерімен, Басқалар мақтанады тұлпарларымен, Ал біз мақтанамыз Құдай Иемізбен.
8 Сол халықтар құлайды жығылып, Ал біз нық боламыз берік тұрып.
9 Уа, Жаратқан, патшамызға жеңіс сыйлай гөр, Сиынған кезімізде құлақ сала гөр.