Забур жырлары
Тарау 91 [90]
Алла Тағаланың панасында тұрған адам Құдіреттінің саясынан табады тыным.
2 Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: Бас сауғалайтын панам әрі қорғаным, Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым!
3 Хақ Тағала сені зұлымның тұзағынан Әрі жойқын обадан сақтайды аман.
4 Сені Өзінің «қанатымен» жауып алады, «Қалқан мен қамалың» — Оның адалдығы, Осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады.
5 Түнде сен қара түнек қорқынышынан, Күндіз де қорықпайсың жау оғынан,
6 Сескенбейсің түнгі індет-аурудан Һәм тал түсте басыңа төнген апаттан.
7 Қасыңда мыңдағандар қаза тапса, Оң жағыңда он мыңдап қырылғанда, Саған зақым жақындай алмайды да.
8 Тек болып жатқанды көріп тұрасың, Зұлымдардың жазаланғанын ұғасың.
9 Сен Жаратқанға сенім артып келесің, Алла Тағаланы панаң етесің,
10 Басыңа енді жамандық түспейді, Үйіңе ешбір апат та төнбейді.
11 Періштелеріне Ол сен жайлы бұйрық береді: Қай жолмен жүрсең де, олар сені қорғап күзетеді,
12 Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін Қолдарына көтеріп сені алып жүреді.
13 Жас арыстан мен оқжыланды аяқпен таптайсың, Үлкен арыстан мен абжыланды жаншып тастайсың.
14 Себебі Жаратқан Ие былай деп айтқан: «Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын, Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын,
15 Ол Маған сиынғанда құлақ саламын, Азап шеккен кезінде оған жар боламын, Аман-есен сақтап, құрметке бөлеймін.
16 Ғұмырын ұзақ қылып риза етемін, Құтқаруымды оған сыйлап беремін».