Забур жырлары
Тарау 124 [123]
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.)«Егер де Жаратқан жар болмағанда, — Деп Исраил мойындасын әр уақытта, —
2 Егер де Жаратқан жар болмағанда, Адамдар бізге шабуыл жасағанда,
3 Бізге қарсы қаһары жалындағанда, Олар бізді тірідей жұтар еді,
4 Су ағымындай басып тастар еді, Тасқын судай бізді тұншықтырар еді,
5 Буырқанған судай басып өтер еді».
6 Олардың тістеріне бізді қимаған Жаратқан Ие мадақталсын әрқашан!
7 Аңшының торынан құтылған құстаймыз: Тор жыртылды, енді міне, біз азатпыз!
8 Біз қолдау күтетін бірден-бір есіміміз — Көк пен жерді жаратқан Тәңір Иеміз!