Забур жырлары
Тарау 70 [69]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.)Уа, Құдай, мені құтқаруға асыға гөр, О, Жаратқан, тездетіп көмекке келе гөр!
2 Жанымды алмақ болған күллі жауларым Таңдана абыржып, масқаралансын, Маған пәле тілеген бар дұшпандарым Ұятқа қалып, кері қайтарылсын!
3 «Өзіңе де сол керек!» деп табалаған Олар қарабет боп безіп кетсін сондықтан.
4 Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған Өзіңе қуана берсін шат-шадыман, Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім: «Құдайым даңқты!» деп Сені дәріптесін!
5 Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Я, Құдай, маған тездетіп келе гөр! Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің, О, Жаратқан Ием, кешікпей жете гөр!