Забур жырлары
Тарау 68 [67]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.)Құдай көтеріліп, жауларын шашыратсын, Оны жек көретіндер алдынан қашсын.
2 Түтіннің желмен ыдырайтыны сияқты, Уа, Құдайым, жауларыңды ыдыратшы, Балауыздың отқа еритіні іспетті, Зұлымдарды алдыңнан құртып жіберші.
3 Бірақ әділдер болса, шаттана ән-салсын, Құдай алдында күліп мәз-мейрам болсын.
4 Біздің Құдайымызға ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеп жырлаңдар, Бұлттармен жүретін Оны мадақтаңдар, Жаратқан Ие — Оның аты, біліп алыңдар, Көз алдында шат-шадыман болыңдар.
5 Құдай әке болады жетімдерге, Қорғаушы болады жесірлерге, Тағында отыр Ол киелі мекенінде,
6 Жалғыз жандарға жанұя сыйлайды, Тұтқынды босатып, шаттыққа бөлейді, Ал қыңырды қапырық шөлге тастайды.
7 О, Құдай, халқыңды Мысырдан бастап шыққанда, Айдалада оны ертіп жүріп отырғаныңда,
8 Жер сілкініп, аспаннан жаңбыр қатты құйылды, Уа, Құдай, көз алдыңда Синай тауында, Исраил сиынған Өзіңнің алдыңда.
9 Уәделі еліңе, я, Құдай, нөсер жаудырдың, Кеуіп қалған жерді қайтадан жандандырдың,
10 Рақыммен халқыңды елде қоныстандырдың, Уа, Тәңірім, сол кедейлерді Сен қамқорладың.
11 Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды, Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады:
12 Жау әскері басшыларымен қашып кетеді, Ауылдағы әйел заты олжаны бөліседі,
13 Мал бағып қораларында қонған солар Күміс оранып кептер қанатына ұқсар, Алтын әшекей тағып, мамықтай құлпырар.
14 Құдіретті Құдай патшаларды шашыратты, Салмон тауында соққан ақ боранға ұқсатты.
15 Құдай жаратқан керемет — Башан тауы, Шыңдары заңғар биік — Башан тауы.
16 Зәулім шыңдар, қызғанасыңдар не үшін Құдай тұруға таңдап алған Сион тауын, Жаратқан Иенің мәңгі мекендейтін тауын?
17 Құдайдың күймелері сан мыңдаған, Араларында Иеміз шайқасқа аттанған, Киелі үйіне көшіп келді Синайдан.
18 Сен заңғар биікке көтерілдің, Көптеген тұтқындарды ертіп жүрдің, Адамдардан тартулар қабылдадың, Бас көтергендерден де сыйлықтар алдың, Құдай Иенің мұнда тұруы үшін.
19 Әрдайым Иеміз мадақталсын, Құтқарушы Құдайымыз даңқталсын: Жүгімізді көтеріп жүр Ол күн сайын, Құдайдың Өзі — бізді аман сақтайтын.
20 Құдайымыз бізді қорғап-қолдайды, Жаратушы Тәңір Ие ажалдан сақтайды.
21 Құдай жауларының басын талқандайды, Соғысқұмар, қыңыр қылмыстыларды жояды.
22 Сол жауыздар жайлы Иеміз былай деген: «Оларды Башан тауынан да алып келем, Теңіздің ар жағынан да қайтарып әкелем.
23 Сонда аяқтарың жаудың қанын басады, Әрі иттерің қанды жалап тойынады».
24 Уа, Құдай, Сенің салтанатты шеруің, Киелі тұрағыңа Сенің кіруің Көрінеді бар жұртқа, о, Патшам, Құдайым.
25 Әншілер жүр алдында, аспапшылар соңында, Даңғыра ойнаған қыздар араларында:
26 «Жиындарда Құдайымызды мадақтаңдар, Исраилдің ұрпақтары, Иемізді даңқтаңдар!»
27 Кенже Бунямин руы бастап келеді, Яһуда басшыларының тобы ереді, Забулон, Нафталим басшылары да жүреді.
28 Уа, Құдай, күш-қуатыңды жинашы, Бұрын көрсеткен құдіретіңді танытшы,
29 Иерусалимдегі ғибадатханаңа бола Патшалар Саған сый-тарту әкеледі сонда.
30 Жау халықтарды сөгіп жуасытшы: Перғауын — қамыстағы хайуан сияқты, Ал бұзаудай күшсіз ұлттар арасындағы Бұқалар табынындай — оның әміршілері, Олар күмістен салық талап етеді. Соғысқұмар ұлттарды тарқатып жіберші!
31 Мысырдан жіберілген мырзалар келеді, Құш елі де қол созып Құдайға көнеді.
32 Жердегі патшалықтар, Құдайға ән салыңдар, Иемізді мадақтап ән-жыр айтыңдар,
33 Дәріптеп ежелден аспанда жүрген Иемізді, Тыңда, зор даусымен Ол күркірейді.
35 Хабарлаңдар Құдайдағы құдіретті! Исраилдің үстінде Оның салтанаты, Әрі бұлттардан жоғары күш-қуаты.
35 Құдай киелі үйінде үрей туғызады, Исраилдің Құдайы халқын нығайтады. Лайым Құдай мадақтала берсін!