Забур жырлары
Тарау 31 [30]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан, Сен әділсің, мені алып қалшы аман.
2 Құлақ түріп маған, тез құтқара көрші, Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көрші.
3 Өйткені жартасым, берік қамалымсың, Жетелеп бастай гөр ізгілігің үшін,
4 Шығаршы мені жау құпия құрған тордан, Себебі Сен берік қорғансың маған.
5 Сенің қолыңа рухымды тапсырамын. Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен мені құтқардың.
6 Жек көрем түк пайдасыз тәңірсымақтарды Әрі оларға табынған адамдарды, Ал Жаратқан Иеге нық сенемін,
7 Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің, Сен байқадың мүшкіл халімді менің, Жанымның азабына көңіліңді бөлдің.
8 Сен мені қалдырмадың жаудың қолына, Қайта, мені тұрғыздың ашық орынға.
9 Рақым ете гөр, қиналып тұрмын, Уа, Ием, күйіктен солды жанарым, Зор қасіреттен әлсіреді жан-тәнім.
10 Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда, Күңіреніп өмірім таусылуда, Күнәма бола күш-қуатым қайтуда, Сүйектерімнің күші кетіп қуаруда.
11 Көршілеріме жек көрініштімін, Таныстарыма да қорқыныштымын, Мені көре қалса қашады далада, Осындай болдым жауларыма бола.
12 Өлгендей-ақ олар мені ұмытқан, Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған.
13 Көп естимін өзім жайлы өсек-аяң, Қауіп төніп тұр басыма жан-жақтан, Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды алуға жоспар құруда.
14 Ал мен Өзіңе сенемін, уа, Жаратқан, «Сен менің Құдайымсың» деймін Саған.
15 Өмірім Сенің қолыңда, я, Жаратқан, Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан.
16 Бет-жүзіңнің нұрын маған түсіре гөр, Мейіріміңе сай мені құтқара гөр.
17 Мені ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан, Себебі жалбарынып жүрмін Саған. Зымияндар масқараланатын болсын, Үндері өшіп, олар қабірге қойылсын,
18 Қарысып қалсын ауыздары жалған, Менмен паңдықпен әділді жамандаған.
19 Уа, Ием, қандай мол Сенің ізгілігің: Өзіңді қастерлеп, паналайтындар үшін Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың.
20 Сен пана болып әділді қорғайсың, Өз саяңда аман-есен сақтайсың Адамдардың астыртын әрекетінен Әрі ұрсып айыптайтын тілдерінен.
21 Маған мейірімін көрсеткені үшін, Қоршалған қалада қорғағаны үшін Жаратқан Ие әрдайым мадақталсын!
22 Қорқыныштан былай деп уайымдадым: «Сірә, Сенің назарыңнан тыс қалдым!» Бірақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдің, Сиынған мінажатыма жауап бердің.
23 Жаратқанды сүйіңдер, бар әділдері, Иеміз аман сақтайды адал пенделерді, Ал молынан жазалайды менмендерді.
24 Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!