Забур жырлары
Тарау 61 [60]
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)Уа, Құдай, айқайыма құлақ сала гөр, Мінажатыма менің ден қоя гөр.
2 Сары уайымға салынды жан дүнием, Өзіңе сиынамын жердің шетінен, Шыға алмас шыңға мені шығаршы Сен.
3 Себебі бас сауғалар панам болып келесің, Жаудан қорғайтын берік бекінісім Өзіңсің.
4 Уа, Құдай, мекеніңде мәңгі тұрайыншы, «Қанатыңның астынан» тыным табайыншы,
5 Өйткені берген анттарымды Сен естідің, Өзіңді қастерлейтіндермен бірге үлес бердің.
6 Патшаның ғұмыр жасын ұзарта гөр, Ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра гөр,
7 Уа, Құдай, алдыңда ол мәңгі билік құрсын, Лайым рақым мен шындығың оны қорғасын.
8 Сенің атыңды әрдайым мадақтаймын, Берген анттарымды күнде орындаймын.