Забур жырлары
Тарау 107 [106]
Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгілікке ұласады берік рақымы!
2 Осылай десін Жаратқанның құтқарғандары, Оның жау қолынан босатып алғандары,
3 Жаратқанның жат елдерден жинағандары, Шартараптан еліне қайтарғандары.
4 Біреулері құла түзде босып жүрді, Мекендейтін қала таппай дала кезді.
5 Аш болып, олар суға да зарықты, Жандары әлсіреп, өше жаздады.
6 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
7 Мекендей алатын қалаға оларды Тура жолмен жетелеп бастап барды.
8 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін!
9 Сусаған адамның шөлін Ол қандырды, Қарны аш жанды нәрлі аспен тойдырды.
10 Біреулер түнекте, үмітсіз жағдайда Тұтқында қиналып жатты темір бұғауда,
11 Олар сөзіне қарсы шығып Құдайдың, Кеңесін менсінбеп еді Хақ Тағаланың.
12 Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды, Олар сүрініп құлап, ешкім қолдамады.
13 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды,
14 Үмітсіз жағдай мен түнектен шығарды, Байланған құрсауларын сындырып лақтырды.
15 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін!
16 Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды, Темір ысырмаларын да сындырды.
17 Біреулер бас көтеріп ақымақ болды, Күнәларына бола індетке шалдықты,
18 Барлық тамақтан жиренетін болды, Ажалдың қақпаларына таяп қалды.
19 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
20 Ол сөзін арнап, оларды сауықтырды, Жандарын ажалдан аман алып қалды.
21 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін,
22 Шүкірлік тартуларын Иемізге ұсынсын, Шаттық әнмен Оның істерін паш қылсын!
23 Кемелермен теңізге шығатындар, Мұхитты кезіп, сауда жасайтындар
24 Көреді Жаратқан Иенің істерін, Терең теңіздегі кереметтерін.
25 Ол бұйрық беріп, қатты дауыл жіберді, Зәулім биік толқындарды көтерді.
26 Кеме аспанға көтеріліп, жоғары шықты, Тұңғиыққа құлағандай төмен түсті, Қауіптен адамдардың үрейлері ұшты,
27 Маскүнемдей тәлтіректеп шайқалысты, Не істерін білмей сапырылысты.
28 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
29 Ол дауылды басып, саябырсытты, Теңіздің толқындарын да тыншытты.
30 Дауыл басылғанда адамдар қуанды, Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды.
31 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін,
32 Халықтар жиынында Оны дәріптесін, Ақсақалдар кеңесінде қастерлесін!
33 Құдай өзендерді айналдырады шөлге, Ал бұлақтарды құрғатып құла түзге,
34 Шұрайлы жерді — сортаң иен далаға, Тұрғындарының зұлымдықтарына бола.
35 Бірақ шөлейт жерді Ол айналдырады көлге, Кеуіп қалған даланы қайнар көзге,
36 Аш жандарды сонда қоныстандырады, Олар мекендейтін қала тұрғызады,
37 Егін егіп, жүзімдік отырғызады, Солардан ағыл-тегіл өнім алады.
38 Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды, Олар өсіп-өніп ғаламат молаяды, Мал басын да Иеміз азайтпайды.
39 (Халық тағы паңданса) саны қысқарады, Езгі, апат, қайғы оны жуасытады,
40 Атақтыларын Иеміз қор қылады, Жолсыз құла түзді кездіріп қояды,
41 Ал жарлыны мүшкіл халінен босатады, Отардағы қойдай ұрпағын молайтады.
42 Әділдер мұны көріп, шаттанады, Бар зұлымдар ауыздарын жабады.
43 Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды, Жаратқанның берік рақымын ұғынады.