Забур жырлары
Тарау 127 [126]
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Сүлейменнің жыры.)Егер Жаратқан үйдің құрылысын жарылқамаса, Құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая. Егер Жаратқан Ие қаланы күзетпесе, Қарауылшылар босқа тұрады күзетте.
2 Бекерге ерте тұрып, кеш жатасыңдар, Нандарыңды көп бейнетпен табасыңдар. Ал Жаратқан Ие сүйікті адамдарына Бейқам тыныштық сыйлайды жандарына.
3 Балалар — игілік Жаратқан Иеден келген, Перзенттер — Оның сыйы рақыммен берген.
4 Адамның жас кезінде туған балалары Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы,
5 «Қорамсақтарын» солармен толтырған Кісілер қандай бақытты болған, Қарсыластарымен биге барғанда Қалмайтын болады олар масқараға.