Забур жырлары
Тарау 7
(Бунямин руынан шыққан Құштың қылығы туралы Дәуіттің Жаратқан Иеге айтқан әні. Екпінді әуенмен айтылады.)Уа, Құдай Ием, Сенен пана табам, Арашалай гөр мені қуғыншыларымнан.
2 Құтқарушым жоқ, жау мені быт-шыт қылады, Арыстандай паршалап, дал-дұлымды шығарады.
3 Уа, Құдай Ием, егер күнә істеген болсам, Яки қолыммен қылмыс жасаған болсам,
4 Бейбіт жолдасыма сатқындық жасаған Не дұшпанымды болсам себепсіз тонаған,
5 Онда жаулар мені қуып, ұстап алсын, Жанымды аяғымен жерге таптасын, Абыройымды топыраққа былғасын.
6 Уа, Жаратқан, қаһарлана көтеріле гөр, Жауларымның долдануына қарсы шыға гөр, Өзің бұйырғандай әділдік орната гөр, Мен үшін ендеше әрекеттене гөр.
7 Жиналып тұрсын халықтар айналаңа, Биіктен билік құршы қайтадан оларға.
8 Уа, Жаратқан, Сен халықтарды соттайсың, Мені ақтай гөр, Ием, әділ де адалмын.
9 Әділ Құдайым, жан дүниемізді сынайсың, Енді доғартсаңшы зұлымдардың сұмдығын, Әрі нығайтсаңшы әділдердің қорғанышын.
10 Алла Тағала мені қалқандай қорғайды, Шын жүректен адалды Ол аман сақтайды,
11 Құдай мәңгі әділ соттаушы болады, Тәңір күнде зұлымдарға ашуланады.
12 Егер адам бас тартпаса күнәсінен, Онда Құдай қайрайды өткір семсерін, Керіп, кезеніп дайындайды садағын,
13 Отқа қыздырады үшкір жебелерін, Сөйтіп даярлайды өлтіргіш қаруларын.
14 Міне, арамза адам зұлымдық ойлайды, Жан дүниесінде ол пәлені сақтайды, Содан өтіріктері оның туындайды.
15 Ол ор қазып, соны тереңдетіп дайындайды, Алайда сол тұзағына өзі кейін құлайды.
16 Осылай зұлымдығы өз басына келеді, Жауыздығы өзінің төбесіне түседі.
17 Жаратқанның әділдігін мадақтаймын, Алла Тағаланың есімін жырлаймын.