Тарау 19 [18]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Әуе кеңістігі де көрсетеді,
2 Осыларды олар жариялайды күнде, Бұл білімді мәлімдейді әр түнде.
3 Сол «үндерін естімеген» бір тіл де, Ешқандай ұлт та қалмайтын болады.
4 «Үндері» жайылады бар жер бетіне, «Сөздері» жердің шетіне таралады. Құдай күнді аспанда орналастырған.
5 Күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан Күннің жүзі де қуана нұрланады, Ол жүйріктей жарысуға құлшынады.
6 Көкжиектің бір шетінен күн шығады, Келесі шетіне өтіп айналады, Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды.
7 Кемелді — Жаратқанның тағылымдары, Жан дүниені олар жаңартады. Ақиқат — Иеміздің жарлықтары, Олар наданды да дана қылады.
8 Әрі әділ — Жаратқанның бұйрықтары, Олар жүрекке қуаныш құяды. Жаратқанның өсиеттері сондай нұрлы, Көздерді ашып, жарқыратады.
9 Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды: Осы таза ниет мәңгі қалады. Жаратқанның шешімдері шынайы, Барлығы мүлтіксіз де әділетті,
10 Тіл үйірген таза балдан да тәтті, Алтыннан, саф алтыннан да бағалы.
11 Бұлардан пендең ескерту алады, Бәрін ұстанғанды зор сый тосады.
12 Кім байқайды өз теріс қылықтарын? Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан,
13 Сақтай гөр әдейі күнә жасаудан, Жамандық жүргізбесін билік маған! Сонда көз алдыңда мінсіз боламын, Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын.
14 Лайым менің аузымдағы сөздерім Әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием.