Забур жырлары
Тарау 34 [33]
(Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің Әбимәлік алдында есуас болғансып, соның қасынан қуылып, құтылып кеткен оқиғасына арналған.)Жаратқан Иені мадақтаймын әр уақытта, Оны мақтаған жыр ұдайы жүрсін аузымда.
2 Тәңір Иені шын жүректен тұтамын мақтан, Байғұс бейшаралар естіп, қуансын соған.
3 Келіңдер, бірге Жаратқанды мадақтайықшы, Бірігіп Оның есімін марапаттайықшы!
4 Жаратқанға сиындым, Ол жауап берді маған, Әрі азат етті мені бар қорқынышымнан.
5 Жаратқанға сиынып көз тіккендер жайнайды, Олар шаттанып, еш масқара болмайды.
6 Жарлы болған мен жалбарындым Жаратқанға, Ол естіп, бар пәлемнен құтқарды сонда.
7 Иені қастерлейтіндерді қоршап тұрады Оның періштесі, ол соларды құтқарады.
8 Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер, Қандай бақытты Оған сенімін жүктегендер!
9 Қастерлеңдер Иені, Оның қасиеттілері! Жоқшылық қинамайды Оны қастерлейтіндерді.
10 Арыстандар азыққа зәру жүре алады, Ал Иеге сенгендер бар игілікке тояды.
11 Келіңдер, балалар, тыңдаңдар сөзімді, Үйретемін сендерге Иемізді қастерлеуді.
12 Сендердің қайсыларың өмірді ұнатасыңдар, Жақсы күндерді көптеп көруді қалайсыңдар?
13 Онда жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар, Өтірік айтудан да әрқашан сақтаныңдар!
14 Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасаңдар, Татулыққа ұмтылып, сол үшін күш салыңдар!
15 Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады.
16 Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан қарсы шығады, Есімдерін із-түзсіз жер бетінен жоқ қылады.
17 Әділдер жалынса, Иеміз құлақ салады, Күллі қиындықтан оларды құтқарып алады.
18 Жүрегі жаралыға Жаратқан жақын тұрады, Жаны күйреп, күнәсіне өкінгенді құтқарады.
19 Әділ жан қиындықты көп көреді, Ал Иеміз оны бәрінен азат етеді,
20 Оның барлық сүйектерін аман сақтайды, Тіпті бірде-біреуі сындырылмайды.
21 Сұрқияның зұлымдығы түбіне жетер, Әділді жек көрген жан зардабын шегер.
22 Жаратқан Ие құтқарады өз құлдарын, Ол соттамайды Өзін паналағандарын.