Забур жырлары
Тарау 111 [110]
Мадақтаңдар Жаратқан Иені! Мақтау айтамын Жаратқан Иеге, Халық жиылып, әділдер кеңескенде.
2 Қандай ұлы — Жаратқанның істері, Оларды ұнатқандар терең зерттейді.
3 Оның істері ұлы да салтанатты, Әділдігі мәңгілікке ұласады.
4 Ол кереметтерін есте қаларлық қылды, Иеміз шапағатты да қайырымды,
5 Өзін қастерлейтінді аспен қамтиды, Келісімін ұдайы есінде сақтайды.
6 Ол құдіретті істерін халқына көрсетті, Өзге ұлттардың жерін оған мұра етті.
7 Жаратқанның істері адал да әділетті, Оның бұйрықтары да түгел сенімді,
8 Олар мәңгілікке берік негізделген, Әрі орындалады шындықпен, адалдықпен.
9 Жаратқан Ие өз халқын азат етті, Келісімін мәңгілікке бекітті, Есімі Оның киелі де қасиетті.
10 Даналықтың бастауы — терең қастерлеу Жаратқан Иені әрі Оған шын бағыну, Мұны ұстанған әркім парасатты болады. Иеміз мәңгі бақи мадақталады!